• Келесі тарау (Ctrl + оңға)
  • Қысқы уақыт. Қар жапалақтап жауып тұр. Тыныштықта жатқан ауыл бойында 15 жасар жасөспірім бала жүгіріп келеді.

    Жүгірген сайын әзер дем алған дауысы қатты шығып келеді. Артына анда-санда үрейлі қарап қойады.

    -Жоооқ! - деп жылап жіберді.

    Сонда да жүгіруін доғарар емес. Аяғындағы жеңіл бәтенке ішіне қар толып қалған. Төмпешіктен төмен түсіп, үйіне қарай бағыттап жүгіріп келеді.

    Ауыл ішінде иттердің үрген дыбысы жиілеп келеді. Басты кейіпкер тастай жұмып алған көзін енді ғана ашқан кезде, үйіне жақындап қалғанын көреді. Артынан әлі қалмай біреудің қуып келе жатқанын сезгендей, жылдамдығын одан әрі арттыра түсті.

    Жан-жағы жабылмаған ескі саз-кірпішпен салынған үйдің есігіне ұмтылып, ішке кіріп, жалма-жан есігін құлттап алады.

    Есік алдына отыра қалып, демі бітердей ентігін басуға тырысады. Бұған қоса, жылағысы келіп, әрең дем алып отырды.

    Бір кезде, бірнәрсе ұмытқандай орнынан атып тұрып, төсегіне қарай жүгіріп барады. Терезесін жапқышпен жауып, қалың жүн көрпеге оранып алады.

    -Ей, құдайым! Мені бәле-жаладан сақтай гөр! Жын-перілерден сақтай гөр! - деп дұға тілектерін оқып жатады.

    Бір уақытта далада жел көтеріледі. Аспаннан жауып жатқан қармен қабаттасып, боран басталады.

    Желдің дыбысы ысқырып, үйдің ішіне анық естіліп тұрды. Ал бала көзін жұмып алып, әлі күбірлеп сөйлеуде.

    Бір кезде жел есікті қатты итеріп жіберіп, дүрсілдеген дыбыс шығады. Жас бала шошып кетіп, жалма-жан көзін ашады.

    Көрпесінен шығып, есікке қарай қарайды. Ештеңе жоқ. Бәрінен құтылғандай, өз-өзін жұбатып, көрпесіне қайта оранып алады.

    - Ештеңе болмайды...бәрі жәй маған көрінді... жәй ғана көрінді...тек ұйықтап тұрсам бәрі қалпына келеді... - деп дауысы дірілдеп өзін жұбатуға тырысты.

    Бір кезде есіктен тағы дүрс еткен дыбыс естілді. Жас бала сілт ете қалып, шошып кетті. Көзінен жасы ағып, үнсіз жылай қойды.

    "Осыда ол менің артымнан қалмай келген шығар" - деп ойлады ол.

    Кенет есікті қаққан дыбыс үдей бастады. Секунд сайын оның дыбысы көбейіп, құлып ашылғандай дыбыс шықты.

    Жас бала көрпе ішінде одан әрі дірілдеп, қатты қорқып кетті.

    Есікті біреу ақырын ашты. Содан бірнеше секунд үнсіз қалды да, ескі ағаштан жасалған еденді басып келеді.

    Әр қадамның дыбысы шыққан сайын жас баланың бойына үрей жинала бастады. Қалың көрпемен, қатты уайымның әсерінен жас баланың бүкіл денесінен терлері тамшылауда.

    Дыбыстар төсекке қарай жақындады. Жас баланың қорыққаннан үрейлі жылаған дауыстары естіле бастады. Бір уақытта дыбыс тоқтады. Жас бала жәймен ғана дірілдеп көзін аша бастады. Әлде бір кейіптің сұлбасы байқалды. Ол көлеңке жас балаға жақындай келді.

    -Сәлеметсізбе, Бекзат мырза! Мен дене айырбастау корпарациясынан келдім. Айырбас дене мүшесін алып кетуге рұқсат етіңіз! Айырбас жасағаныңызға рахмет!  Сау болыңыз!

    -Жооқ! Керек емес!...

    Әлдебір мақұлық жас баланың басын сөмкесіндегі үшкір қаруымен шауып алады.

    Жас баланың айқайы да шығып үлгермеді. Мақұлық асықпай, мәдениетті түрде жас баланың басын өзінің қапшығына салды да, бассыз қалған дененің үстіне чекті жапсытырып кетті.

    Қапшықты көтеріп, есік алдына барды да, өлі денеге бір қарап, сыртқа шығып кетті.

    Қысқы боранның шуынан тынық ауылдың ішінде бұл сұмдық орын алғанын ешкім біраз уақыт білмеді.

    Жас баланың жас қаны, суықтың ортасында төгіліп, үнсіз ауыл арасында жәймен ғана тарай бастады...

  • Келесі тарау (Ctrl + оңға)
  • Пікірлер жоқ